810

Астаналықтар автобуста ақша сұрайтын жастардан шаршағанын айтты

Автобусқа бірінен кейін бірі кіреді деп шағымданды тұрғындар.

Астаналықтар автобуста ақша сұрайтын жастардан шаршағанын айтты
facebook.com/proastana

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, елорда тұрғындары қоғамдық көлікте белгісіз ұйымдардың атынан ақша жинайтын еріктілерге шағымдануда. Куәгерлердің айтуынша, олар жолаушыларды жалынып, дауыстап сөйлеп, аяушылық сезіміне әсер етуге тырысады.

Бұл туралы Instagram желісіндегі zhaloby__astana парақшасында жарияланды. Жолаушының сөзінше, еріктілер жиі кіріп, жол бойы жолаушылардың мазасын алады.

«Мен автобуста тыныш отырып, тыныш жеткім келеді. Бірақ олар тоқтамайды, бірінен кейін бірі кіреді — шексіз қорлар, шексіз ақша жинау», — деп шағымданады астаналық.

Оның айтуынша, оқиға кезінде автобус салонында болған бақылаушы жағдайға ешқандай реакция білдірмеген.

«Бұған дейін әкімдік менің өтінішіме жауап беріп, бақылаушылар мұндай жағдайға араласуы тиіс екенін айтқан. Яғни кем дегенде полиция шақырып немесе заңсыз ақша жинауды тоқтатуды талап етуі керек. Бірақ бұл жолы бақылаушы мүлде үнсіз қалып, қоғамдық тәртіп пен заң талаптарының бұзылуына жол берді», — дейді жолаушы. Ол аталған факті бойынша тексеру жүргізіп, ресми жауап беруді сұрады.

Осы жағдайға қатысты пікір білдірген «Мейірім жолы» қайырымдылық қоры өз қызметін заң аясында жүргізіп жатқанын айтты. Қордың мәліметінше, олар Әділет министрлігінде ресми тіркелген.

«Қайырымдылық туралы заңға сәйкес, барлық қаржы есебі ашық түрде көрсетіледі. Біздің қызметкерлердің барлығында QR-кодпен расталған құжаттары бар. Мұндай жазбалар қайырымдылық саласының беделіне нұқсан келтіреді. Біз адамдардың көмектесуге ниет білдіруін, ал көмекке мұқтаждардың қысым көрмеуін қалаймыз», — деді қор өкілдері.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор