1164

Маңғыстауда жүк көлігінің жүргізушісі полицейден қашқан (ВИДЕО)

Құқық қорғаушылар жүргізушіні қуып жүріп ұстады.

Маңғыстауда жүк көлігінің жүргізушісі полицейден қашқан (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 29 шілдеде түнгі сағат 01:30 шамасында Маңғыстау облысы Өмірзақ ауылының өндірістік аймағындағы жолда DAF жүк көлігін байқап қалған полиция қызметкерлері оның жүргізушісіне тоқтау туралы заңды талап қойған. Алайда жүргізуші бұйрықты елемей, қашуға тырысқан.

Қуғын кезінде ол бірнеше рет жол ережесін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шыққан, жол белгілері мен сызықтарын елемеген, сонымен қатар апатты жағдайлар туындатқан. Көлік жүргізушісі Түркістан облысының тұрғыны болып шықты, жүк тасымалымен айналысады екен. Оның қолында қажетті құжаттар болған.

«Медициналық куәландырудан өтуден бас тартқаны — заңға сай мас күйінде көлік басқарғанмен тең. Жүргізушіге қатысты полиция талабына бағынбау, маневр жасау ережесін бұзу, қарсы жолаққа шығу, жол белгілерін елемеу және апатты жағдай тудыру бойынша бірнеше хаттама толтырылды. Көлік айып тұрағына қойылды», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Қазіргі уақытта барлық материал сотқа жолданды. Шешім заң аясында қабылданады.

Материал авторы