490

«Қанша уақыт қажет болса да іздейміз»: Қорғаныс министрі жоғалған тікұшақ экипажының туыстарымен кездесті

25 шілдеде радардан жоғалып кеткен тікұшақ әлі іздестіріліп жатыр.

«Қанша уақыт қажет болса да іздейміз»: Қорғаныс министрі жоғалған тікұшақ экипажының туыстарымен кездесті
Қорғаныс министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов 30 шілде күні іздеу жұмыстары жүріп жатқан аймаққа барып, экипаж мүшелерінің туыстарымен кездесті. Ол жоғалған әскери тікұшақтың себеп-салдары толық анықталғанға дейін іздеу жұмыстары тоқтамайтынын айтты.

«Біз бұл істі соңына дейін жеткіземіз. Қанша уақыт қажет болса да іздеуді жалғастырамыз. Жақындарына барлық жағынан қолдау көрсетіліп жатыр. Біз күн сайын байланыстамыз және жоғалған жігіттерді табу үшін бар күшімізді салып жатырмыз», — деді министр туыстармен сөйлесу барысында.

Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы Асқар Ізбасовтың айтуынша, іздестіру жұмыстарына нашар көріну, Сорбұлақ көлінің күрделі суасты бедері мен түбіндегі лай кедергі келтіріп отыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоғалған экипажды іздеуге 400-ден астам адам, кинологиялық топтар, 70-тен астам техника, 21 жүзу құралы, 10 дрон, эхолоттар мен суасты сканерлеу құрылғылары жұмылдырылған.

ЕС-145 маркалы әскери тікұшақ 25 шілде күні радардан жоғалып кеткен болатын. Қазіргі уақытқа дейін тікұшақтың кейбір сынықтары ғана табылды.

Материал авторы