SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Көлік министрі және NASA-ның уақытша директоры Шон Даффи Вашингтон мен Мәскеу арасындағы саяси келіспеушіліктерге қарамастан, АҚШ Ресеймен ғарыш саласындағы әріптестігін жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы ол «Роскосмос» басшысы Дмитрий Бакановпен кездесу қарсаңында айтты.
Шон Даффи ғарышты «халықаралық ынтымақтастық алаңы» деп атап, тіпті қиын-қыстау кезеңдерде де өзара байланыстарды үзуге болмайтынын жеткізді.
«Қандай жағдай болмасын, біз бұл байланыстарды үзген емеспіз. Біз туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге тырысамыз және әріптестік, одақтастық пен достық қатынасты жалғастыруға ниеттіміз», — деді ол (цитата ТАСС агенттігінен).
Даффи Украинадағы қақтығыс бойынша АҚШ пен Ресей арасында елеулі келіспеушіліктер бар екенін де жасырмады. Соған қарамастан, тараптар Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) бірлескен жобаларды жалғастырып келеді.
«Роскосмос» делегациясы Дмитрий Бакановтың басшылығымен АҚШ-қа ресми сапармен келді. Бұл екі ел арасындағы соңғы сегіз жыл ішіндегі алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу болмақ.
Сапар барысында Баканов NASA-ның Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығына, Boeing компаниясының өндірістік кешеніне және SpaceX-тің ғарыш аппараттарын құрастыру нысандарына барады. Кездесу 31 шілдеге жоспарланған.
RUS