Қылмыс үстінде ұсталды: Павлодарда адам мүшесін сатпақ болған көрші ел азаматы құрықталды
Полицейлер шетелдік әйелді қамауға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда көрші мемлекеттен келген шетелдік азаматша адам органын заңсыз сатпақ болған сәтінде ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы хабарлады.
Күдікті бүйректі сату шарттары мен бағасын келісіп жатқанда, полиция арнайы операция жүргізіп, оны қолма-қол ұстаған. Оған қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің адам ағзасы мен тіндерін заңсыз алып-сату бабы бойынша іс қозғалды.
«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел комбинация жүргізді. Соның нәтижесінде шетелдік азаматша алдын ала төлемді алып жатқан кезде қолға түсті. Қазір ол қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», — деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Оның айтуынша, Қазақстанда адам ағзасы мен тіндерін заңсыз алу, трансплантациялау, сату немесе сатып алу әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Материал авторы