SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, танымал боксшы Назым Қызайбай жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылық жасап, 40 баланы мектепке дайындап берді. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында хабарлады.
Боксшының айтуынша, көмек бірінші сыныпқа баратын балаларға арналған. Бұған дейін ол әлеуметтік желі арқылы көпбалалы отбасылардан өтініш қабылдаған болатын.
«Жаттығудан кейін өзіме тәнті болып келе жатырмын. Минус 2 миллион, 40 бақытты бала + күлімдеген көпбалалы ата-аналар. Жақсылық санмен емес, жүрекпен өлшенеді», — деп жазды Қызайбай парақшасында.
Назым Қызайбайдың бұл бастамасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында жылы қабылданып, жұртшылық ризашылығын білдірді. Көпшілік боксшының жеңісі тек рингте емес, өмірде де жалғасып жатқанын айтып, қолдау сөздерін жаудырды.

RUS