SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Әділет министрлігі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың «Патриот» атты кітабын экстремистік материалдар тізіміне қосты. Бұл туралы ведомствоның жаңартылған ресми тізімінен белгілі болды.
Тізімге енген басылым — 2024 жылы Литвадағы One Book Publishing баспасы шығарған орыс тіліндегі нұсқа. Әділет министрлігі кітаптың қара сұр түсті қатты мұқабада, 398 беттен тұратынын, суперқаптамасында автордың есімі, кітап атауы, үзінді, аннотация мен штрих-код бар екенін нақты сипаттап көрсеткен.
Ведомствоның мәліметінше, кітап 2025 жылдың маусым айында Ленинград облыстық сотының шешімімен экстремистік деп танылған. Бұған дейін Навальныйдың автобиографиялық еңбегінің Ресейде ресми түрде тыйым салынғаны хабарланбаған болатын.
Оппозиционердің жақын серігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының (ФБК) директоры Иван Жданов бұл шешімге пікір білдіріп, оны «Путин тарапынан күтілген әрекет» деп атады.
«Кітапты оқығаны үшін қазірше ешқандай жаза қарастырылмаған. Бірақ меніңше, бұл шешім кітапқа деген қызығушылықты арттырып, оны одан да көп адам оқиды», – деді Жданов.