SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасы маңында бөлшектері табылған EC-145 әскери тікұшағын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Журналист Гүлмира Әбіқай тікұшақта жоғалған ұшқыштың жарының сөзін жариялады. Ол сүйіктісінен айырылып қалам ба деген қорқынышын, ішкі күйзелісін жеткізген.
«Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды. Шаңырақ көтергенімізге — небәрі 8 ай болды. Вертолетта екі пилот белдігін байлап отырады, шыға алмай қалған ғой. Әйтпесе, секіріп аман қалар ма еді…», — дейді көз жасына ерік берген келіншек.
Белгілі болғандай, 29 жастағы ұшқыш Аман Амангелді Ақтөбедегі ұшқыштар институтын тәмамдаған, алты жылдық тәжірибесі бар маман. Ол өткен жылдың соңында музыкант Нұрай есімді бойжеткенмен шаңырақ көтерген. Жас жұбайлар әлі бір жыл да бірге бола алмаған.
Жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстары бесінші күн қатарынан жүргізіліп жатыр. Ресми ақпараттың мардымсыздығы түрлі болжамдар мен алып-қашпа әңгімелерге себеп болды. Тікұшақ радардан Отар маңында жоғалып, ал бөлшектері одан 200 шақырым қашық жерден табылғаны қоғамда күмәнді күшейтті.
Сарапшылардың айтуынша, Сорбұлақ су қоймасының түбі — батпақ, тереңдігі 22 метрге дейін жетеді. Оған қоса, Алматы қаласының кәріз сулары осы су қоймасына құйылады. Осы факторлар іздестіру-құтқару жұмыстарын едәуір қиындатып отыр. Тіпті заманауи дрондар да су астынан нақты бейне түсіре алмай жатыр.
Тікұшақта үш экипаж мүшесі болған. Барлық күштер оларды табуға жұмылдырылған.
«Бір көріпкел маған жеке жазып, “Тікұшақтағы адамдар алтыншы күні табылады” депті. Ертең…», — деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай.