Қазақстандағы екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салып бермек
Қытаймен келісімдер жалғасып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда салынып жатқан алғашқы атом электр станциясын (АЭС) ресейлік «Росатом» салатын болса, екінші және үшінші станцияларды Қытай компаниялары тұрғызады. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР бірінші вице-премьері Роман Скляр мәлімдеді.
Оның айтуынша, құрылыс құны туралы айту әлі ерте. Себебі технико-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп бітпеген.
«Қазір Қытаймен арадағы барлық келісімдер, соның ішінде үкіметаралық шарттар келісу сатысында. Құжаттар дайын болған соң олар парламентке ратификациялауға жіберіледі», – деді Скляр.
Роман Скляр үшінші АЭС те Қытай тарапынан салынатынын нақтылады. Қазіргі таңда Атом энергетикасы агенттігімен бірге болашақ станциялардың орналасатын жері пысықталып жатыр.
«Басты талап – су көзі мен электр энергиясын жеткізу мүмкіндігі болуы керек. Бұл жұмыс жуық арада аяқталады. Жыл соңына дейін жаңа станциялар қай жерде салынатыны ресми жарияланады. Бұл жерде ешқандай құпия жоқ», – деді бірінші вице-премьер.
Материал авторы