SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанқош Тұраров ұзақ үзілістен кейін үлкен жекпе-жекке шығатынын хабарлады.
Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында мәлімдеді.
«Жекпе-жекке дайындық жүріп жатыр. 5 қыркүйекте Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында үлкен айқас өтеді. Бұл кездесудің жүгі ауыр. Күтіңіздер», – деді Тұраров.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров соңғы рет 2023 жылдың қазан айында шаршы алаңға шыққан болатын. Сол кезде ол жапондық Акихиро Кондоны төрешілер шешімімен жеңіп, чемпиондық белдігін қорғаған еді.
Алайда содан бері боксшы бірде-бір кездесу өткізбеген. Осы себепті Жанқоштың IBO тұжырымы бойынша чемпион атағынан айырылуы мүмкін деген ақпарат тараған. Өйткені ұйым ережесіне сай, чемпиондар жылына кемінде бір рет титулдық жекпе-жекке шығуы тиіс.