SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ, НАТО-ға мүше мемлекеттер мен Австрия Иран арнайы қызметтерін Еуропа мен Солтүстік Америкада адамдарды ұрлау, қудалау және өлтіру әрекеттеріне қатысы бар деп айыптады. Олар мұны өз елдерінің егемендігіне тікелей қауіп деп бағалап отыр.
«Біз Иранның арнайы қызметтерінің Еуропа мен Солтүстік Америкада адамдарды аңду, ұрлау және өлтіру әрекеттеріне бірлесіп қарсылық білдіреміз. Бұл – біздің мемлекеттеріміздің егемендігіне ашық қол сұғу», – делінген бейсенбі күні жарияланған ортақ мәлімдемеде.
Мәтінде ирандық күштердің халықаралық қылмыстық топтармен жиі байланыс орнатып жатқаны айтылған. Олардың басты нысанасы – журналистер, саяси диссиденттер, еврей диаспорасы өкілдері және бұрынғы шенеуніктер.
Мәлімдемеге қол қойғандар қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Франция және НАТО-ға мүше тағы 11 ел бар: Албания, Бельгия, Канада, Чехия, Дания, Финляндия, Германия, Нидерланды, Испания және Швеция.
Австрия да бұл мәлімдемені қолдады, дегенмен ол НАТО құрамына кірмейді. Айта кетейік, Венада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) орналасқан.
Жалпы мәлімдемеде нақты оқиғалар көрсетілмегенімен, құжат авторлары Иран билігін мұндай заңсыз әрекеттерді біржола доғаруға шақырды.
Бұған дейін не болған еді?
АҚШ пен Ұлыбритания Иранның арнайы операциялар жүргізуге дайындалып жатқанын бірнеше рет ескерткен. 2022 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың тамызы аралығында Ұлыбританияның барлау комитеті ел аумағында Иранға қатысы бар 15 кісі өлтіру мен ұрлау әрекетін тіркеген.
Иран не дейді?
Иранның Лондонда орналасқан елшілігі бұл айыптауларды терістеп, оларды «негізсіз, саяси астары бар және арандатушы сипаттағы» деп атады.
«Мұндай мәлімдемелер – жала. Олар тек шиеленісті ушықтырып, халықаралық дипломатия қағидаттарын бұзады», – делінген Иран елшілігінің жауабында.
RUS