Семейде әйел күйеуін көсеумен ұрып тастаған
Оқиға ерлі-зайыпты 16 жылдық некелерін атап өтіп жатқан кезде болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында 36 жастағы әйел 16 жылдық некелерін атап өтіп жатқан кезде күйеуіне дене жарақатын салғаны үшін сотталды.
Оқиға алкогольді ішімдікпен басталған отбасылық мереке кезінде болған. Кеш барысында ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындап, әйел отқа арналған көсеуді (кочерга) алып, күйеуінің басына және денесінің өзге тұстарына соққы жасаған. Ер адам ауруханаға жеткізілді.
Соттың шешімімен әйелге үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда оның екі баласы жасына байланысты толық қамқорлықта болғандықтан, жаза шартты түрде белгіленді.
Айыпталушы пробация қызметінің бақылауына алынды.
– Сотталған азаматшаға жаза өтеу тәртібі түсіндіріліп, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді. Қазіргі таңда ол жергілікті жеке кәсіпкерлікке жұмысқа қабылданды, – деді аудандық пробация қызметінің басшысы Ерлан Қыдырманов.
Әйел өз әрекетіне өкінетінін айтты.
– Сол күні не істеп қойғанымды енді түсініп отырмын. Бостандықтан айырылып, балаларымнан жырақта қалу қаупі барын ойламаппын. Қазір күйеуіммен татуластық. Бұдан былай мерекелерді тек отбасы шеңберінде, ішімдіксіз атап өтеміз деп келістік, – деді ол.
Материал авторы