Ресей Сирия аумағын геосаяси қақтығыс алаңы ретінде пайдалануға қарсы екенін жеткізді
Ресей СІМ басшысы Сириядағы жағдайға алаңдаулы екенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирияның егемендігін қолдайтынын білдіріп, бұл елдің аумағын халықаралық қарсыласу аренасына айналдыруға болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
31 шілде күні Сирия сыртқы істер министрі Асад аш-Шейбанимен Мәскеуде өткен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Лавров былай деді:
«Ресей әрқашан Сирия аумағының өзге державалардың геосаяси бәсекесіне айналуына қарсы болды».
Ол соңғы кездері Эс-Сувейда провинциясында шиеленіс күшейіп, Сирия жағалауындағы жағдай да ушыға түскенін еске салып, бұл ел үкіметінің алдында әлі де шешімін таппаған күрделі мәселелер тұрғанын атап өтті.
— Қауіпсіздікті одан әрі ушықтыруға алып келетін әрекеттерден әлем қауымдастығының барлық мүшелері аулақ болғаны жөн, — деді Лавров.
Министр Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Эс-Сувейдада жұмысын кеңейту бастамасын да құптады. Оның айтуынша, бұл қадам жағдайды тұрақтандыруға және жаңа қақтығыстардың алдын алуға септігін тигізеді.
Сергей Лавров елдегі бейбітшілікке қол жеткізу үшін жан-жақты, инклюзивті диалог қажет екенін айтты.
«Президент Ахмад аш-Шараа басқарып отырған ауыспалы үкімет қабылдаған шаралар тұрақтылықты нығайтып, елдің ішкі бірлігін қамтамасыз етуге көмектеседі деп сенеміз», — деді ол.
Ресей тарапы Сирияда қыркүйекте өтетін парламенттік сайлауды қолдайтынын білдіріп, оны ұлттық татулыққа жол ашатын маңызды қадам деп атады.
— Біз Сирияның бірлігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға қолдау көрсетуді жалғастырамыз және елдің соғыстан кейінгі қалпына келуіне көмектесуге дайынбыз, — деді РФ СІМ басшысы.
Материал авторы