SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өзбекстанның бірнеше аймағында заңсыз жұмыс істеген жекеменшік діни мектептер анықталды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Тергеу барысында балалардың үй жағдайында, рұқсат етілмеген мекемелерде оқытылғаны белгілі болды. Кейбір оқушылар тәртіп бұзғаны үшін дене жазасына ұшырағанын айтып отыр. Ата-аналар балаларын осындай «сабақтарға» ай сайын 100 доллар төлеп жіберіп отырған.
Мәселен, Сурхандария облысында 25 жастағы ер адам биылғы наурыздан бері өз үйінде 9 баланы оқытқан. Министрлік таратқан бейнежазбада балалардың бірі сабақты жаттамаса, ұрып-соғатынын жаймен айтып берген.
Наманган облысында да осындай жағдай тіркелді: 58 жастағы азамат шілде айынан бастап 17 баланы оқытқан. Ол әр бала үшін ата-аналардан 100 доллар алып отырған.
Аталған екі жағдайда да ұйымдастырушылар мен ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тергеу басталды.
Бұған дейін Ферғана облысында да дәл осындай заңсыз діни оқыту фактілері анықталған. Ол жақта сабақтар антисанитарлық жағдайда, ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген.
Өзбекстан билігі діни білім беру тек арнайы лицензиясы бар мекемелерде ғана жүзеге асырылуы тиіс екенін ескертті.
RUS