SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада Габон президенті Брис Олиги Нгемамен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында Газа мәселесіне және екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады.
Ердоғанның айтуынша, Түркияның басты басымдығы – Газа халқына гуманитарлық көмек жеткізу.
«Қан төгуді тоқтату – бүкіл адамзаттың міндеті. Біз Израильдің геноцидтік саясатына қарсы ең тиімді жауап – 1967 жылғы шекара негізінде екі мемлекет құру екенін әрдайым айтып келеміз. Бұл жолда кез келген бастаманы, соның ішінде Палестинаны ресми мойындау әрекеттерін қолдаймыз», – деді ол.
Ердоған Батыс елдерінің, әсіресе Франция мен Ұлыбританияның соңғы күндердегі гуманитарлық ұстанымын оң бағалады.
«Балалар аштан қырылып, бейбіт тұрғындар азық-түлік кезегінде атып өлтіріліп жатқанда, ешкім үнсіз қалмауы керек. Біз үнсіз отырмаймыз», – деді Түркия басшысы.
Габонмен ынтымақтастық: экономика мен білімге басымдық беріледі
Кездесу барысында Ердоған Габонмен арадағы экономикалық және мәдени байланыстардың кеңейіп жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары түрік компаниялары бұл елде 2,5 миллиард доллардан астам жобаларды жүзеге асырған.
«Біз Габонмен тұрғын үй құрылысы, энергетика, цифрлық трансформация және тау-кен өндірісі салаларында жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ғылым, технология салаларында тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз», – деді ол.
Түркия президенті сонымен қатар Түркияның Африка елдерінде дипломатиялық миссиялар санын арттырып жатқанын айтып, құрлық елдерімен тең құқықты серіктестік негізінде жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді.
«2002 жылы Африкада небәрі 12 елде елшілігіміз болса, қазір бұл сан 44-ке жетті. Бұл – Түркияның Африкадағы бейбіт дамуға шын ниетті екенінің айғағы», – деді Ердоған.
Газа – саяси ұпай жинау алаңы емес
Ердоған Газа мәселесінде саяси ұпай үшін таласуға болмайтынын ескертіп, Түркияның басты мақсаты – зардап шеккендерге нақты көмек көрсету екенін айтты.
«Газа – саяси пікірталас алаңы емес. Бұл – қантөгісті тоқтатып, жылаған балаға пана болу қажет екенін ұмытпауымыз керек. Түркия осы бағытта әлемдік қауымдастықтың қолдауына лайық», – деді ол.
Сөз соңында Ердоған Габон президентіне достық сапары үшін алғыс айтып, Түркия мен Габон арасындағы бизнес форумына сәттілік тіледі.
RUS