2545

Талғат Мұсабаев өмірден озды

Марқұмның артында төрт баласы қалды...

Талғат Мұсабаев өмірден озды
әлеуметтік желі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аты аңызға айналған ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, қоғам және мемлекет қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Ғарышқа үш рет сапар шегіп, ашық ғарыш кеңістігіне шыққан Талғат Амангелдіұлы – ел абыройын асқақтатқан қаһарман. Ол еңбек жолының барлығын отандық ғарыш саласын дамытуға арнады. Сенат депутаты және қоғам белсендісі ретінде де көптеген игі бастамалар көтерді. Жоғары кәсібилігі мен азаматтық ұстанымы арқылы халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – делінген Президенттің жеделхатында.

Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысындағы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ол Рига азаматтық авиация инженерлері институтын, Алматыдағы ДОСААФ аэроклубын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдаған.

Ғарышкер — техника ғылымдарының докторы, Ресей Жаратылыстану академиясының және Халықаралық астронавтика академиясының академигі. Радиожабдық инженері болып бастаған ол уақыт өте келе зерттеуші-ғарышкер деңгейіне жетіп, «Союз ТМ-19» экипажының құрамында «Мир» орбиталық кешеніне сапар шекті.

2007–2016 жылдары Қазақстанның ғарыш агенттігін басқарды. Кейін Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды. 2017–2023 жылдары Сенат депутаты ретінде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеді.

Ол «Халық қаһарманы», Ресей Федерациясының Батыры атақтарына ие болған. Сонымен қатар «Отан» орденімен, Ресейдің «Отан алдындағы еңбегі үшін» ІІ және ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Халықтар достығы», «Ұлы Петр» І дәрежелі ордендерімен, NASA-ның «Ғарыштық ұшу үшін» медалімен және Австрияның «Күміс бүркіт» орденімен марапатталған. Әскери шені – подполковник.

Талғат Мұсабаев артында төрт перзентін қалдырды.

Материал авторы