2475

Нұрғанаттың өліміне қатысты іс жабылып қалды: Шекеев тергеуді қайта ашуды талап етті

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі «өзін-өзі өлтіру» деп танылған, алайда туыстары бұған күмән келтірген еді.

Нұрғанаттың өліміне қатысты іс жабылып қалды: Шекеев тергеуді қайта ашуды талап етті
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың отбасы тағы да әділдік іздеп жүр. Бұл жолы – марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты. Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, тергеу органдары өлім себебін «өзін-өзі өлтіру» деп танып, істі жауып тастаған. Бірақ отбасы бұл шешіммен келіспейді.

«Туыстары Ғайыпбаевтың қазасына байланысты көптеген күмәнді жайттарды атап өтті. Сондықтан біз тергеуді қайта жүргізуді талап етеміз», – деді Шекеев.

Айта кетейік, бұл трагедия 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні басталған. Алматы облысындағы «Камажай» дүкенінің маңында Шерзат Полат сыра салынған банка үшін басталған жанжал кезінде пышақталып өлтірілді. Осы оқиғадан кейін отбасы қатарынан бірнеше соққы көрді: үйлері өртеніп кетті, артынан Шерзаттың ағасы қайтыс болды, ал туыстары өздеріне жиі қорқыту түскенін мәлімдеді. Қоғамда бұл оқиғаларға «Хуторские» атты топтың қатысы бар деген пікірлер қызу талқыланды.

Негізгі қылмыстық іс бойынша сот 2024 жылғы 17 сәуірде басталды. 5 маусымда үкім шықты: айыпталушыларға 1,5 жылдан 23 жылға дейін түрлі жаза кесілді. 9 сотталушының сегізі апелляциялық шағым берді. Тек Думан Искаков қана үнсіз қалды — ол 1 жыл 6 айлық мерзімді толық өтеп, бостандыққа шыққан.

Апелляциялық тыңдау 18 тамызда Алматы облыстық сотында өтеді.

Сонымен қатар, Полаттар отбасының өртенген үйіне қатысты іс те арнайы прокурордың бақылауында қалып отыр.

Материал авторы