SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 23 шілде күні Алакөлде демалушылар су бетінен әйел адамның мәйітін алып шықты. Оқиға куәгерлері жағажайда құтқарушылардың жоқ екенін айтып, наразылық білдірді.
Оқиғаның мән-жайын куәгер – Арина есімді желі қолданушысы баяндаған. Оның айтуынша, таңғы сағат 6-лар шамасында жағажайда жүрген сәтте біреулер «Суда әйел жатыр, құтқару керек» деп айғайлаған.
«Өте алыста екен. Ешкім суға секіріп көмектесе алмады. Қызымды жағада қалдырып, суға қарай жүгірдім. Қолымда құтқару баллоны болды. Менен бөлек 69 жастағы әйел де жүзіп жетті. Біріміз бір қолынан ұстап, жағаға қарай тарттық. Өкінішке қарай, дем алып жатқан жоқ еді. Бірақ бәрібір судан алып шығуға тура келді», – деп жазды ол.
Кейін марқұмның ұлына хабар берілген. Әйелдің жүрек талмасынан қайтыс болғаны болжанып отыр. Ол сол күні жағажайда жалғыз болған. Кейін демалысқа бірге келген құрбылары табылған. Олар марқұмды жерлеу үшін үйіне қайтқан.
Арина мен өзге демалушылар бұл жағдайдан кейін жағажайда құтқару қызметі мен катердің болмағанын ашына айтты.
«Суға кеткен адамды құтқарушы емес, кездейсоқ адамдар алып шықты», «Осынша адам демалып жатқан жағажайда бірде-бір құтқарушы жоқ!», «5 күн бойы демалдық, бірде-бір рет құтқарушыны көрмедік», «Алакөлдің әкімдігі отставкаға кетсін!», - дейді желі қолданушылары.
Оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Демалушылар тарапынан қауіпсіздікке жауапты мекемелерге қатысты сын күшейіп отыр.
RUS