2795

Шерзаттың өліміне кінәлі сотталушының әйелі Талғарда тұрғындарды миллиондаған қарызға батырған

Дидар Қалиахметтің әйелі Балауса Еркінқызы бірнеше адамнан несие алдыртып, кейін ақшаны қайтармай қойған.

Шерзаттың өліміне кінәлі сотталушының әйелі Талғарда тұрғындарды миллиондаған қарызға батырған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар қаласының бірнеше тұрғыны журналист Руслан Өтепбайға шағымданып, 25 жастағы Балауса Еркінқызының үстінен арыз түсіргенін айтты. Ол — атышулы Шерзат Полат ісі бойынша 7 жылға сотталған Дидар Қалиахметтің әйелі. Ерлі-зайыптылардың екі баласы бар.

Зардап шеккендердің бірі, төрт баланың анасы, Балаусаға 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп бергенін айтады.

– Төрт ай бұрын Балауса маған «үш айда жауып тастаймын» деп уәде беріп, 2 миллион теңге кредит алдыртты. Бірақ уәдесінде тұрмады. Ай сайынғы төлемді де төлемейді. Қазір несиені өзім жауып жүрмін. Декретте отырған кезде киім сатып күн көретінмін. Бұған дейін де бірнеше мәрте қарызға киім алған, кейін ақшасын қайтарып беріп жүрген. Былтыр да кредит алып бергенмін, оны өзі жауып тастаған соң сеніп қалдым. Екінші жолы сол сенімімнің құрбаны болдым, – дейді жәбірленуші әйел.

Айтуынша, ол бастапқыда Балаусаның кім екенін білмеген. Тек Дидар Қалиахметтің соты кезінде TikTok желісінде видеолары тарағаннан кейін барып таныған. Балауса қазір Талғарда ата-енесімен бірге тұрады.

– Өзім білетін он шақты адам бар, осылай алданған. Тағы бес-алты адам Кеген жақтан екен, – дейді ол.

Тағы бір жәбірленуші, 23 жастағы Дарын есімді жігіт те Балаусаға бірнеше банктен несие алып бергенін жеткізді.

– Бұрын бірге жұмыс істегенбіз. Сол кезде танысқанбыз. БанкЦентрКредиттен 2 млн 68 мың теңге несие алып бердім, Халық банктен тағы 1,5 миллион бөліп төлеуге бердім. Оның үстіне өз қалтамнан 2,5 миллион теңге бердім. Барлығын алты айда қайтарамын деген. Қазір бәрін өзім жауып жатырмын. Айына 240 мың теңге төлеуге мәжбүрмін, – дейді ол.

Жәбірленушілер мен журналист Балаусаның ата-енесімен де кездесіп, мән-жайды сұрамақ болған. Алайда қайын жұрты келіндеріне қатысты нақты жауап бермеген.

– Балауса бізге келін болып түскеніне бес жыл болды. Дидар сотталғаннан кейін төркініне кетіп қалды. Балалар бізбен бірге тұрады. Апта сайын келіп, балаларын көреді, – деді олар қысқа қайырып.

Қазір зардап шеккендердің нақты саны белгісіз. Жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағым түсіріп, Балауса Еркінқызының ісін әділ тергеуді талап етуде. Ал журналист Руслан Өтепбай бұл жағдайды бақылауда ұстап, көпшілікке жария етіп отыр.

Материал авторы