SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада InDriver қосымшасы арқылы шақырылған такси жүргізушісі 19 жастағы бойжеткеннің көзінше мастурбация жасаған. Бұл туралы Аружан есімді жәбірленуші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Қыз бұл кезде анасымен бірге сауда орталығына бара жатқан.
Аружанның айтуынша, көлікке отыру кезінде жүргізуші сыпайы көрінген, анасының жанында артқы орындыққа жайғасқан. Алайда жол бойы ер адам артқы айналар арқылы қызға мазасыздандыратын көзқараспен қарап, артынан ашық түрде жыныстық сипаттағы әрекетке көшкен.
«Басында жай қарап отырған шығар деп ойладым. Бірақ оның бірдеңе істеп отырғанын байқадым. Біраздан кейін бәрі анық көрінді – ол мастурбация жасап отыр екен», – дейді Аружан. Оның айтуынша, жүргізуші көзін айырмай қарап, қызды әдейі «көр» дегендей ишарамен қорқытқан.
Бойжеткен көліктің ішінде анасы отырғанына қарамастан қатты қорыққан. Қауіпсіздік мақсатында ештеңе байқамағандай кейіп танытып, жағдайды видеоға түсіріп үлгерген. Оқиға барысында жүргізуші бойжеткеннің аяғына да абайсызда тиіп кеткен.
«Көлік “Мегаға” жақындаған сәтте мен сабырмен ақша аудару үшін Kaspi нөмірін сұрадым. Ақша жіберіп болған соң, көлік тоқтай салысымен анамды ертіп, бірден фудкортқа қарай жүгірдік. Ішке кіріп, өзімді ұстай алмай, жылап жібердім», – деп еске алады Аружан.
Қыз 102 нөміріне хабарласып, болған жағдайды жеткізген. Полиция келгенше түсірілген видеоны жолдаған. Бірақ патрульдердің бірі оның киіміне байланысты орынсыз пікір айтып, жәбірленушіге өзін кінәлі сезіндірген. Кейін бойжеткен мен анасы аудандық бөлімшеге барып, толық арыз жазған.
Күдіктінің жедел жәрдем қызметінде істейтіні және бірнеше баласы бар екені белгілі болды. 29 шілде күні өткен сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, отбасылық жағдайын ескеруді сұрап, кешірім сұрады.
«Мен бұл арызды кек алу үшін жазған жоқпын. Егер дәл осындай жағдай 15 жастағы, өзін қорғай алмайтын қыздың басынан өтсе ше?» – дейді Аружан.
Қазір іс сот қарауында. Жәбірленуші әділ шешімге үміт артып, ұқсас жағдайға тап болған жандарды үнсіз қалмауға шақырды.