SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астананың Талдыкөл маңында бетон зауыты салынып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген қала әкімдігінің Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, Кіші Талдыкөлге жақын орналасқан аумақта қандай да бір өндірістік нысан емес, тұрғын үй кешені салынуда. Жобаға сәйкес, бұл аумақта коммерциялық нысандар мен автотұрақ та қарастырылған.
Басқарманың мәліметінше, «Нұра» тұрғын алабында, Е-908 көшесі бойындағы №20 жер телімінде көпқабатты үй салу жоспарда бар. Құрылысқа рұқсат 2021 жылдың 2 маусымында берілген, ал жер телімі 2026 жылдың 2 маусымына дейін жалға ұсынылған.
2021 жылғы 30 қыркүйекте тапсырыс берушіге архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы (АЖТ) берілсе, эскиздік жоба 2024 жылдың 1 қарашасында мақұлданған. Бұл құжаттар жобалау және сараптама рәсімдерінің міндетті бөлігі саналады. Дегенмен, әкімдік қазіргі таңда нысанға қатысты жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) туралы дерекке ие емес екенін атап өтті. Бұл құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты «Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама» мекемесінің құзырында.
Сонымен қатар, әкімдік тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесінде құрылыс алаңында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Бұл деректер Астана қаласының қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасына, сондай-ақ Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.