SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысындағы Ащысай ауылында мәдениет үйі жанып кетті. Өрт оқиғасы 4 тамызда болғанымен, бұл туралы ақпарат 5 тамызда ғана тарады. Тұрғындар XX ғасырдың бірінші жартысында салынған ғимараттың лаулап жанған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт ғимараттың жоғарғы қабатынан шыққан. Алдын ала болжам бойынша, от жылу оқшаулағыш материалдан тұтанған.
«Өрттің жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынның таралуына жол бермей, оны жылдам ауыздықтады. Өрт 18:37-де локализацияланып, 19:27-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда оттың шығу себебі анықталып жатыр», — делінген департамент таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысының сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалды Ащысай ауылына барған сапарында тұрғындардан осы мәдениет үйін жөндеп беруді сұраған болатын. Алайда ғимарат жөндеуден өтпей, ақыры күлге айналды.