Еуропадағы үш ел Украина үшін 500 000 000 доллар көмек жинап берді
Солтүстік Еуропа елдері Украинаға әскери көмек жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дания, Норвегия және Швеция Украинаға арнап құны 500 миллион доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін ұсынатынын мәлімдеді. Бұл пакет НАТО-ның АҚШ-пен бірлескен жаңа бастамасы — Priority Ukraine Requirements List (PURL) бағдарламасы аясында жеткізіледі.
Көмекке Украина қарулы күштеріне арналған техника мен оқ-дәрілер кіреді. НАТО баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл – одақтың Украинаға жүйелі түрде көмек көрсетуге бағытталған алғашқы қадамдарының бірі.
Аталған үш елдің бұл шешімі Нидерландтың бастамасынан кейін қабылданды. Айта кетейік, Нидерланд — PURL бағдарламасы аясындағы алғашқы көмек пакетін толық қаржыландырған алғашқы НАТО мүшесі.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда PURL бастамасы бойынша жиналған қаражат 1 миллиард доллардан асып жығылады. Бұл қаражат Украинаға жеткізілетін алғашқы екі кезеңдік көмекті қамтиды.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл қолдауды жоғары бағалап, Telegram-арнасында:
«Бұл Америка мен Еуропа арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге үлгі болмақ», — деп жазды.
НАТО-ның ресми сайтында жарияланғандай, PURL бағдарламасы аясында Украинаға соғыс жағдайында ең қажет деп танылған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің кезең-кезеңімен жеткізілуі көзделген. Әрбір көмек пакеті шамамен 500 миллион долларды құрайды.
Бұған дейін Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдай мен қолдау тетіктерін талқылаған еді.
Материал авторы