Алматыда зейнеткерлердің ақшасын ұрлап жүрген әйелдер ұсталды
Екі әйел қолға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында зейнеткерлердің үйлерінен ақша ұрлады деген күдікпен екі әйел ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.
Әуезов аудандық полиция басқармасының мәліметінше, күдіктілер зейнет жасындағы азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен пәтерлеріне кірген. Бір жағдай кезінде олар өздерін «кітап таратушылармыз» деп таныстырып, үй иесінен су алып келуді өтінген. Сол сәтті пайдаланып, жәбірленушінің ақшасын жымқырып кеткен. Тергеу мәліметінше, осындай алаяқтық әрекеттің бірінде 4 миллион теңге қолды болған.
Екі әйел де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір олардың Алматыда жасалған басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
– Зейнеткерлердің қауіпсіздігі – біздің алдын алу жұмыстарымыздың маңызды бағыты. Азаматтарға тағы да ескертіп айтқым келеді: бөтен адамдарға есік ашпаңыздар, күдік тудырған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыздар, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.
Материал авторы