SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Балқаш қаласында туысының соққысына жығылған сегіз жастағы балаға қатысты зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желіде хабарлады.
Мадина Маратовнаның айтуынша, баласына ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 4-бөлігі — «Кәмелетке толмағандарды зорлау» бойынша іс қозғалған.
— Оқиғадан бір апта өткен соң ғана жәбірленуші қызды сараптамаға жіберіп жатқаны күмән тудырады. Қажетті медициналық және тергеу әрекеттері неге бірден жүргізілмеді? Ұлым бұл жағдайдан кейін үйге акушер-гинеколог келгенін айтты. Ол қызды арнайы медициналық мекемеде емес, үйде тексерген, — деді анасы.
Ол тергеудің объективтілігіне күмән келтіріп, іске тәуелсіз сарапшыларды тартуды талап етті.
Аталған оқиға бұған дейін әлеуметтік желілерде кең таралған болатын. Онда Мадина Маратқызы есімді тұрғын сегіз жастағы ұлының аяусыз соққыға жығылғанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған. Оның сөзінше, баланы ұрып-соққан азамат — бұрынғы күйеуінің әпкесінің күйеуі.
Кейін Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл деректі растады. Ведомство күдіктінің ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Ал күдікті азамат өз кезегінде сегіз жастағы баланың өзінің төрт жастағы қызын шешіндіріп, сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағанын алға тартқан.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама қорытындылары мен өзге де дәлелдер негізінде процессуалдық шешім қабылданады.
RUS