SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігі Израильдің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған Рузбех Вадиді дарға асты. Ол Израильмен қақтығыс кезінде ирандық ядролық физик туралы ақпаратты Моссадқа берді деп танылған.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Рузбех Вади Австрия астанасы Венада Израиль барлау қызметінің өкілдерімен бес рет кездесіп, құпия мәліметтерді тапсырған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол Израильдің Иранға қарсы 12 күндік әскери операциясы кезінде қаза тапқан ирандық ядролық ғалымға қатысты ақпаратты берген.
Бұл – елде бір күнде орын алған екі өлім жазасының бірі. Иранның Жоғарғы соты бұл үкімдерді бекіткен.
Вадимен бірге Мехди Аскарзаде есімді тағы бір адам да дарға тартылды. Ол «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының құрамында болғаны және Сирия мен Иракта әскери дайындықтан өткен соң, қарулы топпен бірге Иранға заңсыз кіргені үшін айыпталған. Қарулы қақтығыс кезінде топ мүшелері оққа ұшып, Аскарзаде тірідей ұсталып, кейін сотталған.
Иранда шетелдік барлау қызметтерімен жұмыс істеді деген күдікпен бұған дейін де бірнеше адам өлім жазасына кесілген. Жергілікті БАҚ мәліметінше, Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейгелі бері Иранда шпионаж және терроризм айыптары бойынша жеті адам дарға тартылған.
БҰҰ мен құқық қорғаушылар алаңдаулы
БҰҰ өкілдері Ирандағы өлім жазасы көрсеткішінің күрт өсуіне алаңдаушылық білдіруде. 2024 жылы елде кем дегенде 975 адам өлім жазасына кесілген, бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы шілде айының соңында жариялаған есебінде Иранда жыл басынан бері 700-ге жуық адам дарға тартылғанын мәлімдеді. Ұйым Тегеранды өлім жазасына мораторий енгізугешақырып отыр.
Еске сала кетейік, Израильдің Иранға қарсы әскери соққылары кезінде Иранның ядролық бағдарламасымен байланысы бар кемінде 14 ғалым мен инженер қаза тапқан болатын.
RUS