SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-та федералды сот істерінің электронды дерекқорына жасалған кибершабуылдан кейін хакерлер құпия ақпараттарға, соның ішінде жасырын ақпарат жеткізушілердің жеке деректеріне және жарияланбаған айыптау актілеріне қол жеткізуі мүмкін.
Басылымның мәліметінше, хакерлік шабуыл шілде айының басында орын алған. Алайда қазіргі уақытқа дейін бұл шабуылдың көлемі мен салдары толық анықталған жоқ. Ақпарат көздерінің айтуынша, АҚШ соттарының әкімшілік басқармасы әлі де жүйеге қандай жолмен шабуыл жасалғанын және қандай деректерге қол сұғылғанын нақтылай алмай отыр.
Кибершабуылдың артында кім тұрғаны белгісіз. Сарапшылар қылмыстық топтар мен шетелдік мемлекеттер қолдайтын хакерлік ұйымдар тарапынан болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр. Екі тарапқа да жабық сот істері, тұтқындау ордерлері, күдіктілер туралы құпия деректер мен информаторлардың жеке басына қатысты мәліметтер қызықты болуы ықтимал.
Шабуыл АҚШ-тағы федералды сот істерінің бірыңғай дерекқорын басқаратын Сот әкімшілігі басқармасының жүйесіне бағытталған. Аталған дерекқорда жариялауға жатпайтын, тергеу мүддесі үшін жабық ұсталып келген істер туралы мәліметтер сақталады.
Әзірге Сот әкімшілігі, Әділет министрлігі мен ФБР бұл оқиғаға қатысты ресми пікір білдірмеді.
RUS