SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада алты адам кәмелетке толмаған баланы зорлады деген күдікке ілінді. Полиция қылмыстық іс қозғады. Алайда жәбірленушінің анасы тергеудің созылып кеткенін, ал күдіктілердің әлі де бостандықта жүргенін айтады.
Редакцияға жолданған бейнеүндеуде II топтағы мүгедектігі бар баланың анасы ұлына бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық көрсетілгенін мәлімдеді.
«Істі алғашында Нұра ауданында тіркеді, бірақ ол жерде тергеу ісін дерлік тұралатты. Біз оны Астана қалалық полиция департаментіне өткізуге қол жеткіздік. Тергеу төрт айдан бері жүріп жатыр. Алты күдіктінің бәрі, сараптама зорлық фактісін растағанына қарамастан, бостандықта жүр. Ұлым өте ауыр психологиялық күйде. Ол туғаннан мүгедек, қоса тағы бірқатар аурулары бар еді. Енді оған жаңа диагноз — эпилепсия қойылды. Мұның салдары қандай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Өзім бұл қайғыны көтере алмай инсульт алдым», — деді әйел.
Оның айтуынша, ұлы күдіктілермен онлайн ойын арқылы танысқан. Біреуі өзін құрдасы ретінде көрсетіп, баланы үйіне шақырған.
Астана қалалық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді:
«Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның аясында бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Сараптама қорытындысы шыққан соң процессуалдық шешім қабылданады. Барлық тергеу әрекеттері қылмыстық процестің қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды».
RUS