SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-та президент Дональд Трамп әкімшілігімен байланысы бар American Accountability Foundation (AAF) ұйымы федералдық қызметкерлердің аты-жөні, фотосы және жеке деректері жазылған тізімдер жариялап, оларды «радикалды солшыл идеяларды» насихаттады деп айыптады. Reuters агенттігінің 7 тамызда жарияланған тергеу материалында бұл тізімдер жарияланғаннан кейін олардың бір бөлігі қудалауға, қорқытуға ұшырап, тіпті жұмыстан айырылғаны айтылды. Кейбірі қауіпсіздік мақсатында шетелге көшкен.
AAF деректерді ашық көздерден және әлеуметтік желілерден жинаған. Тізімдегілердің көпшілігі көпшілікке танымал емес мемлекеттік қызмет орындарында жұмыс істеген, кейбірі түрлі әкімшіліктерде ұзақ жылдар қызмет атқарған. Бұған дейін ұйым бұрынғы президент Джо Байденнің жақтастарын әшкерелеуге бағытталған болса, қазір Трамптың саяси қарсыластарын жою құралына айналған.
Жаппай қысым және отставкалар
Тізімде аты аталған 175 адамның кемінде жартысы — 88-і — мемлекеттік қызметтен кеткен немесе мәжбүрлі әкімшілік демалысқа жіберілген. Бір бөлігі тікелей жұмыстан қуылған, қалғаны қысым мен ауысу қаупінен өз еркімен кеткен.
AAF жетекшісі Том Джонс «Трампқа қарсы шыққан мемлекеттік қызметкерлер олардың бақылауда екенін білуі тиіс» деп мәлімдеді. Ұйым досьесінде қызметкерлердің демократтарға қаржылай көмек көрсеткені, мигранттарға жәрдемдесетін ұйымдарды қолдағаны және DEI (әртүрлілік, теңдік, инклюзивтілік) бағдарламаларын жақтағаны туралы айыптаулар бар.
Үш тізім және нысанға алынған салалар
Алғашқы тізім 2024 жылғы сайлау алдында жарияланды. Қазан айынан бері AAF үш түрлі тізімді интернетке шығарған:
Біріншісі — Ішкі қауіпсіздік министрлігі мен Әділет министрлігінде иммиграциялық саясатпен айналысқан 60 қызметкер (арасында онға жуық иммиграциялық судья бар);
Екіншісі — Білім министрлігіндегі «саяси идеологтар»;
Үшіншісі — әртүрлі федералдық агенттіктерде DEI бағдарламаларын жүргізген қызметкерлер.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, AAF заңды шектен өтпейді, себебі мекенжай, телефон нөмірі секілді дербес мәліметтерді жарияламайды. Сондықтан құпиялылықты бұзу бойынша іс қозғау қиын.
DEI бағдарламаларын жою
Трамп қызметке кіріскен соңғы алғашқы жарлықтарының бірі — федералдық ведомстволарда әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік бағдарламаларын тоқтату болды. Ақ үй бұл бастамалар «оң дискриминацияға» әкеледі, яғни қызметкерді кәсіби қабілетіне емес, нәсіліне, жынысына немесе басқа белгісіне қарап жұмысқа алады деп санайды.
Президент құрған Үкімет тиімділігі департаменті (DOGE) білім және медицина салаларындағы DEI бағдарламаларына бағытталған келісімшарттарды жоюға кірісті. Осыдан кейін бірқатар америкалық корпорациялар да жұмысқа қабылдауда әртүрлілік және инклюзивтілік қағидаттарынан бас тартты.
RUS