«Допингпен ұсталып қаламын ба деп қорқамын» — әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы
Ауыр атлет дәрі сатып аларда допинг орталығымен ақылдасамын дейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ауыр атлетикадан 2024 жылғы әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы спорттағы допинг мәселесіне қатысты ойын білдірді. Бұл туралы 1Bol.kz жазды.
Спортшының айтуынша, қазіргі таңда команда барынша сақтық шараларын қатаң ұстанады.
«Қазір бізде допинг қолдану мүлде жоқ. Тіпті ойлауға да болмайды. Кез келген уақытта қан алып, тексереді. Дәріханадан дәрі алсам да, бірден өзіміздің дәрігерлер мен KazNat допинг орталығына хабарласып, құрамында тыйым салынған зат бар-жоғын сұраймын. Бізге арнайы берілетін витаминдерді ғана қолданамыз, олардың құрамында допинг болмайды. Әйтпесе, допингпен ұсталып қаламын ба деп қорқамын», — деді Нұрғиса Sport Pluse арнасына берген сұхбатында.
Нұрғиса Әділетұлы 2023 жылы Азия чемпионы атанған соң допинг дауына іліккен. Сол кезде ағзасынан тыйым салынған зат табылып, спорттан уақытша шеттетілген. Бұл жағдай оның Париж Олимпиадасына қатысуына кедергі болды.
«Азия чемпионатында жеңімпаз атанғаннан кейін бізді бірден тексерді. Бірінші орын алған менің де, тағы бірнеше спортшының да ағзасынан тыйым салынған зат анықталды. Біз ішкен витаминдерді өзге спортшылар да қолданды, бірақ олардан ештеңе табылған жоқ. Бұл әдейі жасалған қастандық па, әлде басқа ма — оны бір Алла біледі. Париж Олимпиадасынан кейін ғана толық ақталдық. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Егер Парижге барғанымда, бәлкім, чемпион болар едім», — дейді ауыр атлет.
Айта кетейік, Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Жасұлан Қыдырбаевтан кейін 10 жыл аралығында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық болды.
Материал авторы