SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израильдің әскери-саяси кабинеті премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын бақылауға алу жоспарын бекітті.
Мәліметке сүйенсек, шешім қауіпсіздік кабинетінде өткен он сағаттық талқылаудан кейін қабылданған. Ynet порталының жазуынша, Газаға қатысты бұл жоспарға Израиль Қарулы күштерінің бас штабының бастығы Эяль Замир қарсы болған.
Ресми мәлімдемеде «Газаны басып алу» деп айтылмағанымен, журналистер бұл іс жүзінде оккупация екенін атап өтуде.
Кабинет сонымен қатар соғысты аяқтауға қатысты бес негізгі қағиданы бекітті:
ХАМАС қарулы топтарын толық қарусыздандыру;
барлық израильдік тұтқындарды қайтару;
Газаны демилитаризациялау;
анклавта Израильдің қауіпсіздік бақылауын орнату;
ХАМАС пен Палестина ұлттық әкімшілігіне қатысы жоқ балама азаматтық билік құру.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Газа секторын толықтай оккупациялаудың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Израиль операциясы барысында шамамен бір миллион адамды көшіру жоспарланып отыр. Әскери әрекеттер бірнеше айға созылуы ықтимал, ал тұрғындарды эвакуациялау 7 қазанға дейін аяқталуы керек.
Бұған дейін Нетаньяху Израильдің Газа секторын басқару ниеті жоқ екенін және оны ХАМАС пен ПНА-ға қатысы жоқ «араб күштеріне» тапсыруды көздейтінін мәлімдеген еді.
RUS