SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Австралия қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін ресми түрде мойындайды. Бұл туралы ел премьер-министрі Энтони Альбанезе дүйсенбі күні мәлімдеді.
Альбанезенің айтуынша, бұл шешім Франция, Ұлыбритания және Канада басшыларының ұстанымына қосылу болып табылады.
«Палестинаны мойындау — біз Палестина автономиясынан алған міндеттемелер негізінде қабылданған шешім. Бұл міндеттемелердің ішінде ХАМАС-тың болашақ палестиналық үкімет құрамында болмауы, Газаның демилитаризациясы және сайлау өткізу бар», — деді Австралия үкіметінің басшысы.
Премьер-министрдің сөзінше, «екі мемлекет» қағидасы Таяу Шығыстағы қантөгіс пен зорлық-зомбылықты тоқтатудың және Газадағы қақтығысты, азап пен аштықты жоюдың ең тиімді жолы.
«Газадағы жағдай — адам айтқысыз»
Альбанезенің айтуынша, Газадағы ахуал әлемдегі ең ауыр сценарийден де асып түсті. Ол Израиль билігін халықаралық құқықты елемей, тұрғындарға — оның ішінде балаларға — жеткілікті гуманитарлық көмек, азық-түлік және су беруден бас тартып отыр деп айыптады.
Мәлімдеме бірнеше апта бойы премьер-министрдің кабинеті мен австралиялық қоғам тарапынан жасалған қысымнан кейін айтылды. Сонымен қатар, Австралия билігі Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудың Газа секторында жаңа ірі әскери операция өткізу жоспарын да сынға алды.
Өз кезегінде, Нетаньяху жексенбіде Австралия мен бірқатар еуропалық елдердің Палестинаны тану шешімін «қателік және ұят» деп атады.
Альбанезе сонымен бірге ХАМАС-ты 2023 жылдың 7 қазанынан бері ұстап отырған израильдік тұтқындарды босатуға шақырып, ұйымның Австралиядағы террористік ұйымдар тізіміне енгізілгенін еске салды.
Қазіргі таңда БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің шамамен 150-і Палестинаны мойындаған. Алайда АҚШ және бірқатар Батыс елдері мұндай қадамды қақтығысты толық реттейтін түпкілікті келісімге дейін кейінге қалдыру қажет деп есептейді.
RUS