Маңғыстауда жасөспірім әкесінің «Газель» айдап, 14 жастағы қызды қағып кеткен
Қыз бес күн жансақтау бөлімінде жатып, ауыр ота жасатқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Форт-Шевченкода 8-сыныпта оқитын жасөспірім ата-анасының «Газель» көлігін рұқсатсыз мініп, жаяу жүргіншіні қақты. Жарақат алған 14 жастағы қыз бес күн жансақтау бөлімінде жатып, ауыр ота жасатқан.
Lada.kz мәліметінше, оқиға 25 маусымда болған. Бірақ оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тек тамыздың басында тарады. Кадрда жүк көлігінің адамдар арасынан өтіп, жаяу жүргіншілер жолағында қызды қағып кеткені көрінеді.
Полицияның айтуынша, рөлде 2010 жылы туған жасөспірім болған. Қызды қаққан соң, ол оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші бір ай бойы тек түтік арқылы тамақтанып, қозғала алмаған. 28 шілдеге дейін ауруханада ем қабылдаған.
Тергеу кезінде баланың көлікті ата-анасының рұқсатынсыз айдап кеткені анықталды. Ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабы («Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу») бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Ал жүргізушінің өзіне ҚР ҚК 345-бабы («Жол қозғалысы ережесін бұзу, абайсызда денсаулыққа орташа зиян келтіру») бойынша іс қозғалды. Бұл бап бойынша 160 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстар, 40 тәулікке дейін қамау, не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Материал авторы