«Полициядан гүл сыйлауды талап еткен»: Өскеменде блогер сотталды
Блогер полицейлерден бұрынғы жұбайына айыппұлды төлетіп, гүл мен кешірім талап еткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемен қаласының №2 соты блогер Антон Князевті бопсалау қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оны орташа қауіпсіздік колониясында төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Тергеу дерегінше, 2021 жылдың шілдесінен 2024 жылдың мамырына дейін Князев төрт эпизод бойынша бопсалау жасаған. Істе алты жәбірленуші бар. Соттың нұсқасына сай, блогер:
— әлеуметтік желіден отбасылық жанжал видеосын өшіру үшін 21 мың теңге талап еткен;
— жүргізуші куәлігінсіз отырған әйелге полиция шақырып, видеосын жариялаймын деп қорқытып, 140 мың теңге бопсалаған;
— мектептерге генератор сатып алу бағасының қымбаттығы туралы жазба жариялап, оны өшіру үшін 700 мың теңге сұраған;
— полицейлерден бұрынғы жарына салынған айыппұлды төлеуді, оған гүл сыйлауды және кешірім сұрауды талап еткен.
Князев сотта өз кінәсін мойындамай, ақтауды немесе жаза түрін бас бостандығын шектеуге ауыстыруды сұрады. Алайда сот оны қамауда қалдырды. Сонымен бірге ол үш жәбірленушіге моральдық зиян өтемі ретінде әрқайсысына 500 мың теңгеден төлеуге міндеттелді.
Антон Князев бұрын да бірнеше даулы оқиғамен көзге түскен. 2023 жылы ол сот ғимараты алдында өзін өртемек болып, акция ұйымдастырмақ болған (кейінірек канистрадағы бензин мөлшері аз екені анықталды). Сондай-ақ бірнеше рет соққыға жығылғанын мәлімдеп, Алматы прокуратурасындағы жанжалдан кейін әріптесі Дамир Кушеевпен бірге 15 тәулікке қамалған.
Материал авторы