Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған жер аукционда 217 млн теңгеге сатылды
Шамалған ауылының маңындағы ауыл шаруашылығына арналған жер саудаға қойылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 13 тамыз күні Алматы облысында орналасқан ірі жер телімі ашық аукцион арқылы 217 млн теңгеге сатылды. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) хабарлады.
Мәліметке сәйкес, саудаға қойылған нысан — Қарасай ауданындағы Шамалған ауылының маңындағы ауыл шаруашылығына арналған жер. Оның жалпы аумағы 4,5 мың гектардан асады. Бұған дейін ол «Алмалы» холдингіне тиесілі болған, ал аталған компанияның құрылтайшысы белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев екені белгілі.
ҚАБК-ның айтуынша, жер телімі бастапқыда қандай бағамен ұсынылса, дәл сол сомаға — 217 млн теңгеге сатылған. Сауда қорытындысы бойынша жеңімпаз бен сатушы он жұмыс күні ішінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуі тиіс. Нысан тек толық төлем жасалған соң ғана жаңа иесіне беріледі. Түскен қаржы толығымен Арнайы мемлекеттік қорға аударылады.
Шамалған ауылы Назарбаевтар әулетінің бейресми «тірегі» саналып келгенімен, жердің жаңа қожайыны туралы ақпарат жарияланбады.
Еске салайық, шілде айының соңында ҚАБК Алматы облысындағы он жер телімін аукцион арқылы сатуға шығарған болатын. Олардың тең жартысы Шамалған маңында орналасқан.
Материал авторы