Ақтаулық тұрғын 1Fit арқылы жазылған массаждан көк ала қойдай боп қайтты
Массажист мені соққыға жыққандай болды дейді әйел.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтаудағы медициналық орталыққа массажға барған әйел процедурадан соң жарақат алды. Бұл туралы ол Lada.kz-ке айтып, жағдайды тексеруді талап етті.
Оқиға 12 тамызда болған. Әйелдің сөзінше, массаждан кейін бүкіл арқасы көгеріп, сау-тамтығы қалмаған.
«Бұл нағыз қорлық. Үйге келгенде жағдайдың мұншалықты жаман екенін күтпедім. Массажист мені соққыға жыққандай болды. Орталық екі жылдан бері жұмыс істеп келеді, бірақ, шын мәнінде, адамдарды жарақаттайды. Әлеуметтік желілерде олар жайлы көп теріс пікір мен шағым бар, бірақ ешкім тексермейді», – деді ол.
Әйел алдымен полицияға шағымданған, бірақ арызын бірден қабылдамаған. Алдымен оны жарақатын тіркеу үшін травмпунктке жіберген, алайда онда да жолдама керек деп қабылдамаған. Тек 13 тамызда полиция оның өтінішін тіркеген.
Шағым иесі массажға 1Fit қосымшасы арқылы жазылғанын, сол жерге де серіктестерін тексеруді сұрап хабарласқанын айтты.
Ал «Shogy Massage» орталығы бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын берді. Олардың айтуынша, клиент вакуумдық массажға жазылған, ал мұндай процедурадан кейін қызару мен көгеру қалыпты жағдай.
«Клиент банкі қойылған жерден кейін қанағаттанып кеткен, ешқандай ауырсыну болмаған. Сондықтан бұл жағымсыз пікірдің себебін түсінбедім. Біздің орталықта тек білікті мамандар жұмыс істейді», – деді орталық иесі.
Полиция бұл істі Маңғыстау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жіберген.
Материал авторы