SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа лидерлеріне және Украина президенті Владимир Зеленскийге Вашингтон белгілі бір шарттар орындалса, Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін айтты.
Әңгіме Германия ұйымдастырған бейнеконференцияда қозғалды. Кездесудің мақсаты – 15 тамызда өтетін Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің саммиті қарсаңында АҚШ пен Еуропа ұстанымдарын келісу.
Дереккөздердің айтуынша, АҚШ Ресейдің болашақ агрессиясының алдын алу үшін Украинаға белгілі бір деңгейде қолдау көрсетуге дайын, бірақ бұл тек бітімге қол жеткізілген жағдайда ғана мүмкін. Бір қатысушы Трамптың мұндай міндеттемені НАТО аясында емес, жеке форматта ғана қабылдайтынын атап өтті.
Британдық шенеуніктің мәліметінше, Трамп қауіпсіздік кепілдіктері Украина бойынша түпкілікті келісімнің бөлігі болуы тиіс екенін мойындаған. Дегенмен, АҚШ басшысы америкалық әскер немесе қару-жарақ тікелей Украинаға жіберілмейтінін, бірақ Еуропаға қару сату жалғасуы мүмкін екенін түсіндірген.
Ақ үй бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді.
RUS