SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Елордадағы бір спорт кешенінде 8 жастағы қыз бала ауыр жарақат алды. Анасының айтуынша, киім ауыстыратын бөлмеде тұрған шкаф баланың үстіне құлаған.
Оқиға 2025 жылдың 13 тамызында, сағат шамамен 19:25-те болған. Қызын жаттығуға әкелген анасы оны ресепшнге қалдырып, киім ауыстыруға жіберген. Біраз уақыттан кейін жаттықтырушыдан «қызыңызға шкаф құлап кетті» деген хабар алған.
Анасы дереу кері оралып, қызын еденде отырған бір әйелдің құшағында көрген. Бала қанға батып, беті ісіп кеткен, жылап отырған.
«Тексере келе, қызыма шкафтың есігін ашу үшін браслеттің чипін қолданбақ болғаны, бірақ жүйе жауап бермегені белгілі болды. Ол есікті қолымен тартқанда, шкаф құлап түскен» – дейді әйел.
Зардап шеккен қыздың бірнеше жері сынған, миы шайқалған, бір тісі сынған. Анасы спорт кешенін қауіпсіздік талаптарын сақтамады деп айыптап отыр. Оның сөзінше, шкафтар қабырғаға бекітілмеген, бұл – әсіресе балалар бөлмесінде жол берілмейтін жағдай.
«Балаларымыздың денсаулығын спорт арқылы нығайтамыз деп сеніп тапсырамыз, ал нәтиже – ұзақ ем мен оңалту. Бұл – таза немқұрайлылық» – деді ол.
Қазір оқиғаға қатысты спорт кешені әкімшілігі мен Астана полициясы түсініктеме беруі керек.
RUS