Талғарда екі қарияны өлтіріп кетті деген күдіктіні серуендеп жүрген тұрғын өзі ұстап алған
Күдікті зейнеткерлердің бірін тұншықтырып, ал бірін пышақтап өлтіргені айтылған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында іздеуде жүрген қылмыс күдіктісі тұрғындардың бірі тарапынан қолға түсті. Оқиға сәті видеоға түсіріліп, әлеуметтік желілерде тарады.
14 тамызда жергілікті ер адам екі зейнеткерді өлтіріп, үйлерін тонаған деген күдікке ілінген Иван Заниловты тауып, ұстап алды. Видеода ол полицияға дейін күдіктіні өз бақылауында ұстайтынын айтып, оқиғаға байланысты пікір білдірген.
«Міне, ұстадым. Не істейін енді — көмейін қысып, өзім түрмеге барайын ба? Егер қазір босатсам, ол тағы да біреудің ата-әжесіне қастандық жасайды», — дейді бейнежазба авторы.
Тергеу мәліметінше, Занилов Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылында көрші қарт ерлі-зайыптыны өлтіріп, үйлерін өртеген. 79 жастағы Вячеслав Синицынның денесінде көптеген пышақ жарақаты болған, ал 76 жастағы Надежда Синицынаның мәйіті мойнында арқан ізімен және денесінде көгерген белгілермен табылған.
Құқық қорғау органдары бұған дейін Заниловқа іздеу жариялаған еді.
Материал авторы