Шерзат Полаттың әкесінің үйіндегі өртке қатысты тергеу уақытша тоқтап қалған
Мейірман Шекеев мұндай шешімнен бейхабар екенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар ауданында қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесінің үйінде болған өртке қатысты тергеу уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Kazinform-ға аудан прокуратурасы жеткізді.
Прокуратураның мәліметінше, істі тоқтату Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес қабылданған — яғни шетелдік әріптестерден құқықтық көмек алу процесі жүріп жатыр. Тергеу толық жабылған жоқ, бірақ қажетті деректер келмейінше іс «тоқтап тұр».
Алайда отбасының адвокаты Мейірман Шекеев мұндай шешімнен бейхабар екенін айтты.
«Кеше кешкісін Каржаубай Нұрымовпен кездестім. Олар да ештеңе білмейді», — деді ол.
Сонымен қатар, Шекеев 18 тамызға белгіленген апелляциялық сотқа дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, Шерзат қаза тапқаннан кейін көп ұзамай оның отбасының үйі өртеніп кеткен еді. Тергеу барысында көктемде Бас прокуратура өрт кезінде үйдің маңында тұрған көліктерді спутниктік суреттер арқылы анықтау жоспарын айтқан болатын. Ол үшін Қазақстан Ресейге халықаралық тергеу тапсырмасын жолдаған. Сол кезде Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл жұмыс біраз уақыт алатынын ескерткен.
Материал авторы