Ақтөбе облысындағы жол апатында төрт адам қаза тапты, тағы үшеуі жараланды
Toyota Alphard жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 15 тамыз күні сағат шамамен 14:00-де Әйтеке би ауданына қарасты Бельқопа ауылы маңындағы трассада ірі жол апаты орын алды. Алдын ала деректерге сүйенсек, Toyota Alphard жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысқан.
Қатты соққының салдарынан төрт адам көз жұмды, тағы үш адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.
«Оқиға орнын тексеру барысында жолдың асфальтбетон жабындысы тегіс, көрініс шектелмегені анықталды. Бұл учаскеде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті жол белгілері қойылған және жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін шектеу енгізілген», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» өкілдері.
Toyota Alphard көлігі Қазақстан жолдарында қауіптілік символына айналып барады. Статистика дабыл қағарлық: шілде айында екі тәулік ішінде Жамбыл және Алматы облыстарында дәл осы үлгідегі минивэндер қатысқан екі ірі жол апатында он адам қаза тауып, тағы төртеуі жараланған еді.
Материал авторы