SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласындағы «Қарасай» стадионы жауған жаңбырдан кейін су астында қалды. Айта кетейік, бұл спорт нысанына мемлекет қазынасынан 2,5 млрд теңге жұмсалған болатын.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік стадиондағы жағдайға ашулы пікір білдіріп, әзіл аралас жазбалар қалдырды.
«Егер матч бір күнге кейінге қалдырылғанда, футболдың орнына су добын көруіміз мүмкін еді» деген пікірлер желіде кең таралды.
16 тамыз күні дәл осы стадионда Премьер-лиганың 21-турындағы «Қызылжар» – «Жеңіс» ойыны өткен. Ал келесі күні нөсерден кейін алаңды жаңбыр суы түгел басып қалған.
«Қарасай» стадионының реконструкциясы биылғы мамыр айында аяқталған еді. Жөндеу жұмыстарына байланысты «Қызылжар» футбол клубы бірнеше ай бойы өз ойындарын Қостанайда өткізуге мәжбүр болды.
Жобаны ұсынғандар стадион УЕФА стандарттарына сай болады, тіпті еурокубок ойындарын қабылдай алады деп уәде берген. Алайда соңғы оқиғадан кейін стадионның сапасы мен жобалауына күмән күшейді.
Қазақстандағы спорттық нысандардың құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары жиі сынға ұшырайды. Себебі бастапқы смета шектен тыс қымбат болып көрінсе де, пайдалануға берілген соң сапасы көңілден шықпай жатады. Петропавлдағы жағдай да осы проблеманың айқын көрінісі болды.
Қазіргі таңда стадиондағы жағдайға қатысты жауапты мекемелерден ресми түсініктеме берілген жоқ.
RUS