SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарашығанақ мұнай-газ кен орнында шетелдік инвесторлар жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба тағы да кейінге шегерілді. KPO консорциумы жоспарланған технологиялық қондырғыны уақытында тапсыра алмай, мерзімді алты айға ұзартты.
Upstream Online салалық басылымының дерегіне сүйенсек, жаңа компрессорлық қондырғының іске қосылуы биыл қыркүйекке белгіленген еді. Алайда жұмыстың кешігуіне байланысты оны 2026 жылдың ақпанына дейін аяқтау мүмкін болмай тұр.
Әңгіме газды кері айдауға арналған алтыншы компрессор – KEP-1B жобасы жайлы болып отыр. Бұл – кен орнын кеңейту бағдарламасы аясында салынуы тиіс қосымша екі қондырғының екіншісі. Алғашқысы – KEP-1A биылғы жылдың соңғы тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс.
«Eni мен Shell жетекшілік ететін консорциум жобаны жарты жылға шегеру туралы шешім қабылдады. Құны өсіп жатқанымен, мердігер жұмысты толық аяқтауға ниетті», – деп жазады Upstream Online.
«ҚазМұнайГаз»-дың дерегіне қарағанда, KEP-1B компрессорын салу құны 735 млн доллар деп бағаланған. Жоба толық іске асқанда Қарашығанақтағы өндіру көлемін жылына 5,8 млн тоннаға арттыру жоспарланған. Биыл көктемде ұлттық компания қондырғының дайындық деңгейін 50% деп хабарлаған еді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық билік KPO консорциумына газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіргені үшін ескерту жасаған болатын. Шетелдік инвесторлар жобаның қаржылық тиімділігін сақтау үшін не қосымша қаражат бөлу, не өндірістік қуатты қысқарту қажет екенін айтқан. Бірақ шығын сметасының қайта-қайта өзгеруі мен мерзімнің кейінге қалуы биліктің наразылығын тудырды.
Мамыр айында жобаны толықтай «ҚазМұнайГазға» өткізу мәселесі де қарастырылғаны белгілі болды.
RUS