Германия сыртқы істер министрі: «Неміс сарбаздары Украинаға бармайды!»
Германияның әскери әлеуеті әлсіз дейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул Украина аумағына неміс әскерін орналастыруға қарсы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тіпті соғыс аяқталғаннан кейін де Бундесверді бейбітшілік миссиясына жіберу жоспарланбайды.
Министрдің сөзінше, Германияның әскери әлеуеті шектеулі, себебі қазірдің өзінде Литвада бундесвердің бригадасы орналасқан.
— Егер біз әскерді Украинаға да жіберсек, күшіміз жетпеуі мүмкін. Бейбітшілікті қамтамасыз ету міндеттерін Бундесверсіз де орындауға болады, — деді Вадефул.
2024 жылдың мамырында құрылған бұл бригада НАТО-ның шығыс шекарасын күшейту үшін жасақталған. Жалпы саны 5 мыңға жуық әскери және азаматтық қызметкерді қамтуы тиіс. Қазір Литвада 700-дей неміс сарбазы бар, ал толық дайындық 2027 жылға жоспарланған.
Вадефулдың мәлімдемесін оның партияластарының өзі сынға алды. ХДС мүшесі Родерих Кизеветтердің пікірінше, Украина аумағында батыс әскерінің болуы ғана бітімнің орындалуына нақты кепіл бола алады.
Дегенмен екі саясаткер де Киевке стратегиялық деңгейде қауіпсіздік кепілдігі қажет деген ұстанымда. Вадефулдың сөзінше, АҚШ бұл бағытта дайын екенін білдірген, енді шешім Еуропаның қолында. Кизеветтер болса, Украина үшін жалғыз ұзақмерзімді кепіл — НАТО-ға мүше болу деп санайды.
Осы мәселелерді Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропа елдерінің басшыларымен, сондай-ақ Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамппен Вашингтондағы кездесуде талқыламақ.
Бұған дейін Трамп Қырымды қайтару да, Украинаның НАТО-ға қосылуы да мүмкін емес екенін ашық айтқан. Бұл мәлімдеме Ресейдің талаптарына жақындаған қадам ретінде бағалануда.
Ал Берлин мен бірқатар еуропалық астаналар Мәскеуге аумақтық жеңілдіктер беру қауіпті шешім деп отыр.
Материал авторы