SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп, Украина басшысы Владимир Зеленский және Еуропа елдерінің көшбасшылары қатысқан Вашингтондағы саммит нәтижелі өтті.
Кездесу қорытындысында Трамп Мәскеу мен Киев арасындағы тікелей келіссөздерге жол ашатын келесі қадам – Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің жеке кездесуін ұйымдастыру жұмыстары басталғанын хабарлады.
Саммитке НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте де қатысты. Трамп бұл кездесуді «өте жемісті» деп бағалап, АҚШ Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін еуропалық серіктестермен бірге үйлестіруге дайын екенін айтты.
Германия канцлері Фридрих Мерц саммитті жоғары бағалап, «күткен нәтижелерден асып түсті» деді. Оның айтуынша, басты төрт қорытындының бірі – АҚШ пен Еуропаның бірлесе отырып Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге әзір болуы.
Мерцтің сөзінше, Путин мен Зеленскийдің кездесуі алдағы екі апта ішінде өтуі мүмкін. Сонымен қатар, 19 тамызда «Украинаға қолдау көрсеткісі келетін елдер коалициясының» видеоконференциясы өтеді, оған 30 мемлекет қатысады. Сол күні ЕО Кеңесінің шұғыл отырысы ұйымдастырылып, Вашингтон саммитінің нәтижелері талқыланады.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Еуропаның қауіпсіздік кепілдіктерін қарастыруға дайын болуын «үлкен алға басқан қадам» деп атады. Ол нақты механизмдерді он күн ішінде пысықтау қажет екенін жеткізді. Киевтің ұсыныстарының ішінде қаржылай көмек пен АҚШ-та өндірілген қару-жарақты сатып алу да бар.
Зеленский сондай-ақ Путинмен кездесуге «ешқандай шартсыз» дайын екенін айтты. Оның сөзінше, атысты тоқтату туралы алдын ала талап қойылмайды.
«Территория мәселесі секілді нәзік тақырыптар тек Путин және Трамппен бірге өтетін үшжақты келіссөзде талқылануы тиіс», – деді ол.
Бұдан бөлек, Украина басшысы Трамптың Ресеймен «барлығын барлығына» қағидасы бойынша тұтқындар алмасуға көмектесуге уәде бергенін мәлімдеді. Бұл алмасуға әскери тұтқындармен қатар бейбіт тұрғындар, журналистер және саяси тұтқындар да кірмек.
RUS