SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Назарбаев Университетінің студенті жатақхана терезесінен секіріп, қайтыс болды. Қайғылы оқиға 15 тамыз күні болғанымен, оқу орны бұл ақпаратты бүгін ғана ресми растады.
Университеттің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасап, студенттің отбасына және жақындарына көңіл айтты.
«Үлкен өкінішпен Назарбаев Университеті кампусында болған қайғылы жағдайды хабарлаймыз. Университет әкімшілігі марқұмның отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтады және орны толмас қазаға ортақтасады. Оқиға кезінде шұғыл қызметтер мен құқық қорғау органдары дереу жұмылдырылды», – делінген ресми хабарламада.
Әкімшілік мәліметінше, марқұмның туыстары қыздың аты-жөні мен оқиғаның егжей-тегжейін жария етпеуді сұраған. Университет басшылығы студенттердің арасында психологиялық қолдау шараларын күшейтіп, психолог мамандарды жұмылдырды.
Orda.kz дереккөздерінің айтуынша, студент қыз мұндай қадамға жеке себептермен барған, оқиғаның оқу процесіне қатысы жоқ.
Астана қалалық Полиция департаменті де оқиғаны растады.
«22 жастағы студент қыз 12-қабаттағы жатақхана терезесінен құлаған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға қатысты әртүрлі пікір қалдыруда. Бірі университет басшылығынан жастарға психологиялық қолдау шараларын күшейтуді талап етсе, енді бірі студенттер арасындағы психоэмоционалдық қысымды азайту үшін ашық диалог пен профилактиканы арттыру керек деген ойда.
RUS