Қазақстандық теннисші Арсланбек Айтқұлов төрт жылға жарыстардан шеттетілді
Арсланбек бұл заттардың ағзаға кездейсоқ түскенін дәлелдей алмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 21 жастағы Арсланбек Айтқұлов допинг қолданғаны үшін төрт жылға дисквалификация алды. Мұндай шешімді Теннистегі адалдықты қадағалау халықаралық агенттігінің (ITIA) ұсынысы бойынша тәуелсіз трибунал қабылдады.
Арсланбек Айтқұловтың тыйым салынған заттарға қатысты допинг-тесті 2024 жылдың қаңтарында Дохада өткен ITF World Tennis Tour турнирінде алынған. Сараптама нәтижесінде оның организмінен екі түрлі препарат – анаболикалық агент саналатын лигандрол және WADA тізіміндегі стимулятор метилгексанамин табылды.
Спортшы бұл заттардың ағзаға кездейсоқ түскенін дәлелдей алмады. Осыған байланысты трибунал ережебұзушылықты растады және төрт жылға спорттан шеттету туралы үкім шығарды.
Шешімге сәйкес, оң допинг-тест алынған уақыттан кейінгі барлық нәтижелері, ұпайлары мен жүлделері күшін жойды. Дисквалификация мерзіміне 2024 жылдың 23 наурызынан бастап қолданылған уақытша шеттету де кіргізілді. Яғни, теннисші тек 2028 жылдың 22 наурызынан кейін ғана кортқа қайта орала алады.
Айткуловқа осы кезең ішінде ATP, ITF, WTA немесе ұлттық федерациялар өткізетін кез келген турнирге қатысуға, жаттығу өткізуге немесе ресми іс-шараларға баруға тыйым салынды.
Айта кетсек, оның мансабындағы ең жоғарғы көрсеткіші – 2023 жылдың қарашасында ATP рейтингінде 1250-орын.
Материал авторы