Үржарда үш баланың өмірін қиған жол апаты: жүргізушінің эпилепсиясы болған
55 жастағы жүргізушісі ауладағы балаларды қағып, олардың үшеуі қаза тапқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған қайғылы жол апатының мән-жайы белгілі болды. Кеше кешкісін Toyota Camry көлігінің 55 жастағы жүргізушісі балаларды қағып, олардың үшеуі қаза тапты, тағы үшеуі ауыр жараланды.
Orda.kz дерегінше, көлік тізгінінде отырған жергілікті тұрғынның денсаулығында ауыр мәселелер болған. Ауыл тұрғындары оның эпилепсиямен ауыратынын және жүрегінде сырқаты бар екенін айтады. Алдын ала болжам бойынша, апат кезінде ер адамның ұстамасы ұстап, ол рөлді басқара алмай қалған. Машина аулада тұрған балаларға соғылып, кейін қоршауды қиратып өткен.
Қайғылы оқиға 20 тамыз күні сағат 16:18 шамасында тіркелді. Алты бала көліктің астында қалған. Екі, үш және сегіз жастағы үш бала оқиға орнында көз жұмды, тағы бір бүлдіршін жедел жәрдем жолында жан тапсырған. Алты және тоғыз жастағы екі бала ауыр халде Үржар аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазір оларға түрлі жарақаттарға байланысты шұғыл ем жасалуда.
Дәрігерлердің айтуынша, бір қыз баланың жағдайы тым ауыр болғандықтан, оны Астанаға жеткізу мүмкін болмай отыр — ол жергілікті аурухананың жансақтау бөлімінде қалды. Қалған науқастарды әскери-көлік ұшағымен елордаға апару жоспарланған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендердің бас-ми жарақаты, ішкі ағзалары мен сүйек-бұлшықет жүйесі зақымданған. Бір балаға миға күрделі нейрохирургиялық операция жасалып жатыр.
Жүргізуші қазір уақытша ұстау изоляторында. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті.
Абай облысының әкімі Берік Уәли қаза тапқандардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда материалдық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.
Материал авторы