SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысы әкімдігі Үржар ауданында болған жол апатына қатысты жаңа деректерді жариялады. Кеше Бестерек ауылында болған оқиға кезінде үш бала қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алған еді.
Ресми мәліметке сүйенсек, қаза тапқандардың екеуі — Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылынан қонаққа келген балалар, олар атасы мен әжесіне барған. Үшінші марқұм — Үржар ауданының тұрғыны. Зардап шеккендердің ішінде екі бала уржарлық, тағы бірі Жарма ауданынан. Құрбандардың жасы 2 мен 7 жас аралығында, жараланғандар 6-9 жастағы балалар.
Әкімдік өкілдері қаза тапқандардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін көмек көрсетіліп жатқанын, сондай-ақ психологиялық әрі материалдық қолдау берілетінін хабарлады. Қазір оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен үш баланың бірінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінікі — тұрақты ауыр. Дәрігерлер оларды Астанаға әуе жолымен жеткізу мүмкіндігін жағдайы тұрақтанған соң қарастырады. Балаларда бас-ми жарақаты, ішкі ағзалардың және сүйек-бұлшықет жүйесінің зақымдануы бар.
Еске сала кетейік, 19 тамыз күні 55 жастағы Toyota жүргізушісі ауыл ішінде ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Ол оқиға орнында ұсталды. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын растады.
RUS