SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба Токио Украинаға қауіпсіздік кепілдігін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Kyodo News хабарлады. Алайда ол нақты қандай қолдау шаралары көрсетілетініне қатысты әзірге ашып айтқан жоқ.
«Біз өзіміздің құқықтық нормаларымыз бен мүмкіндіктерімізге сай әрекет етіп, тиісті рөл атқарамыз», – деді Исиба.
Жапония Конституциясы елге әскери күш қолдануға тек өзін-өзі қорғау жағдайында ғана рұқсат етеді. Сол себепті Жапонияның шетелдегі рөлі негізінен бейбітшілікті қолдау миссияларымен және теңіз қарақшылығына қарсы операциялармен шектелген.
Бұған дейін Франция, Ұлыбритания және Германия Украинада соғыс аяқталған соң өз әскерін орналастыруға дайын екенін жариялаған. Бұл бастама Вашингтонда 18 тамызда өткен АҚШ президенті Дональд Трамп, Еуропа елдерінің көшбасшылары және Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы келіссөздерде талқыланған қауіпсіздік кепілдіктерінің бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
RUS